Петропавлда Халықаралық жастар күніне орай волонтерлер мен белсенді жастарға арналған «Birgemiz Fest» атты фестиваль өтті. Оған 80-ге жуық жас қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда Халықаралық жастар күніне орай волонтерлер мен белсенді жастарға арналған «Birgemiz Fest» атты фестиваль өтті. Басты мақсат – өңірде еріктілер қозғалысы мен кейінгі толқын бастамаларын қолдау, белсенді ұл-қыздардың еңбегін бағалап, сондай-ақ тәжірибе алмасу.
«Бүгінгі шараға 80-ге жуық жас қатысады. Іс-шараға 13 ауданнан делегаттар келді. Бағдарлама қызықты болатынына сенімдімін. Басқосу барысында түрлі интерактивті ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жаңа Конституцияға, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарға да аса мән береміз», — «Штаб JE SKO» ҚБ төрағасы Даяна Баймұқанова.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға арнап интерактивті ойындар, тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізді. Шараға келген жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейді. Сондықтан бағдарламаның негізгі бағыты «Мобилография және контент-мейкинг» болды. Оның барысында медиа саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар білген-түйгендерімен бөлісті. Қатысушылардың арасында өзін белсенді көрсеткендердің бірі — Алмагүл Нұрқанова. Ол фестивальге Ғ.Мүсірепов ауданынан арнайы келіп отыр.
«Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Жүректен жүрекке» атты волонтерлік қозғалыстың жетекшісі боламын. Мен үшін бұндай іс-шаралар ерекше маңызға ие. Фестивалде шеберлік сабақтарынан өтіп, тәжірибе алмасуға болады. Бұндай басқосулар бірлігімізді де нығайтады», — деді қатысушы Алмагүл Нұрмұқанова.
Шара соңында 30-дан астам адамға өңірдегі жастар саясатына елеулі үлес қосқандары үшін Алғыс хаттар, сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 68 адамнан туберкулез анықталды

