Халықаралық іздеуде жүрген 35 жастағы Өзбекстан азаматшасы Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол интимдік қызметтерді жарнамалаған «Kyzdar.net» сайтына қатысты қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Бұған дейін Петропавлда осы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесіне сот үкімі шыққан болатын, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Интимдік сайттан пайда тауып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі биыл шілде айында Грузия аумағында ұсталды. Енді ол Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге қайтарылып, қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктіні экстрадициялау операциясын Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен жүзеге асырды.
Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге «Kyzdar.net» сайты арқылы интимдік қызметтерді жарнамалауға қатысқан. Топ мүшелері ақылы сексуалдық қызмет көрсететін адамдардан сайттағы сауалнамаларын ілгерілету үшін төлем қабылдап отырған.
«Түскен қаражаттан қылмыстық топ мүшелері комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт ұйымдастырушыларына аударған. Осылайша, жеңгетайлықтың заңсыз схемасының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен», – деп хабарлады Қазақстанның Бас прокуратурасы.
Экстрадицияланған күдіктіге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл қылмыстық іс Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін тергелген. Биыл наурызда Петропавл қаласының прокуратурасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесін сотқа берген еді. Ал, жазда сот аталған сайт арқылы жеңгетайлыққа жәрдемдесу фактісі бойынша Қазақстандағы алғашқы үкімді шығарды. Сот барлық алты айыпталушыны кінәлі деп таныды. Қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға, ал қалған бес мүшесінің әрқайсысы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы оқыңыз: Жатақханаға орналаса алмаған әлеуметтік осал санаттағы студенттерге ай сайын 120 мың теңгеден беріледі

