Қазақстанда 98,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Олардың жалпы сомасы 373 млрд теңге берешегі есептен шығарылған. Қазір тағы 23 мыңнан астам адамның банкроттық рәсімі жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «NUR KZ» порталына сілтеме жасап.
Қазақстанда 98,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Олардың жалпы сомасы 373 млрд теңге берешегі есептен шығарылған. Қазір тағы 23 мыңнан астам адамның банкроттық рәсімі жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, банкроттық рәсімі арқылы қарызын өтеуге қауқарсыз азаматтар қаржылық міндеттемелерінен босатыла алады. Бұл үшін соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қарастырылған.
Соттан тыс банкроттық қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын әрі мүлкі жоқ азаматтарға қолданылады. Ал берешегі осы мөлшерден асатын немесе меншігінде мүлкі бар азаматтар сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Қазіргі уақытта тағы 23 195 қазақстандық банкроттық рәсімінен өтіп жатыр. Олардың жалпы берешегі 134,5 млрд теңгені құрайды.
Дегенмен банкрот деп танылу бірқатар шектеулерге әкеледі. Атап айтқанда, бес жыл бойы банктік қарыздар мен микрокредиттер алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық рәсіміне жеті жылдан кейін ғана жүгінуге болады. Сонымен қатар үш жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
«Банкроттық кезінде алимент секілді кейбір міндеттемелер есептен шығарылмайды. Сондықтан азаматтар бұл рәсімге жүгінбес бұрын оның салдары мен мүмкіндіктерін мұқият бағалауы қажет», — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданының тұрғыны алаяқтарға 1,4 млн теңгесін аударған

