Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтарға алданып, несие рәсімдеген әйелдің ақшасын толық қайтаруға көмектесті. Есіл ауданының 39 жастағы тұрғыны өзін қаржы полициясының қызметкері ретінде таныстырған қаскүнемге сеніп, 1 миллион 380 мың теңгесінен айырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media. 

Алаяқ әйелге бейнеқоңырау шалып, оның атына белгісіз біреулер ірі көлемде несие рәсімдемек болғанын айтқан. Ақшасын қорғау үшін тұрғынға банктен өзі қарыз алып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін түсіндірген.

Бұған дейін алаяқтықтың мұндай түрі туралы естіген әйел бастапқыда күмәнданған. Алайда қоңырау шалушының қызметтік формасы мен көрсеткен жалған куәлігі оның сеніміне кірген. Нәтижесінде ол 1 миллион 380 мың теңге несие алып, ақшаны алаяқ көрсеткен шотқа аударған.

Алайда күмәнді операция «Антифрод-орталық» жүйесінің назарынан тыс қалмады. Ақша аударымында алаяқтық белгілері анықталып, ақпарат автоматты түрде Есіл аудандық полиция бөліміне жолданған.

Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, әйелді тауып, мән-жайды анықтаған. Тек полицейлермен сөйлескеннен кейін ғана тұрғын өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында ақша аударылған шоттың иесі анықталды. Ол Астана қаласының жас тұрғыны болып шықты. Азамат келтірілген шығынды өз еркімен толық өтеді», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Шот иесінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу мәселесі оның дропперлік әрекеттерге қатысы бар-жоғы анықталғаннан кейін шешіледі.

Тағы оқыңыз: Петропавлға есептер емес, нақты шешімдер қажет – депутаттыққа кандидат Руслан Шарипов

Поделиться:

Shares