Петропавл қалалық мәслихатының № 1 сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Марат Ысқақов қаланың инфрақұрылымын жақсы біледі. Ол өндіріс саласында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта және кәсіпкерлікті дамыту бағытында көп жыл еңбек еткен. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары қызметін атқарады. Кандидаттың пікірінше, депутаттың басты міндеті – қала бюджетінің әр аулаға, әр көшеге және әр отбасының игілігіне жұмсалуын қадағалау.

Өндірістен инвестиция саласына дейінгі еңбек жолы

Марат Ысқақовтың өндіріс, экономика және басқару салаларында мол тәжірибесі бар. Ол Бескөл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік техникалық университетінде жоғары білім алған. Кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экономика және бизнес мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.

Еңбек жолында күрделі өндірістік және басқару міндеттерін шешумен айналысқан. «СҰЛТАН» электр-макарон-мельница комбинаты» АҚ-да техникалық директор болып жұмыс істеген. Осы қызметте тәулігіне 160 тонна астық өңдейтін диірмен кешенінің құрылысын және іске қосылуын басқарған. Жаңа макарон өндіру желілерін іске қосып, кәсіпорында ISO халықаралық сапа стандарттарын енгізуге атсалысқан.

Кейін Петропавл қаласының «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын басқарған. Оның басшылығымен кәсіпорын қаржылық қиындықтардан шықты. Салық және кредиторлық берешектер толық өтелді. Жаңа арнайы техникалар сатып алынып, қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлері көбейді.

Солтүстік Қазақстан облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарған жылдары өңірге шетелдік инвестиция тарту бағытында жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде облыс шетелдік инвестиция тарту бойынша жетекші өңірлердің қатарына қосылды. Марат Ысқақов әлемнің әр елінен жүздеген сарапшы мен инвестор қатысқан «Қызылжар Инвест» халықаралық форумын ұйымдастырды.

2015 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Бұл қызметте кәсіпкерлердің құқықтары мен экономикалық мүдделерін қорғаумен айналысады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген бизнес өкілдеріне қолдау көрсетеді.

Марат Ысқақовтың сайлауалды бағдарламасындағы бес басым бағыт

Кандидаттың 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы қала тұрғындарын толғандыратын нақты мәселелерді шешуге бағытталған.

«Мен қалалық мәслихатқа өз білімім мен тәжірибемді тұрғындардың мүддесін қорғауға жұмсау үшін барамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тәртіп орнатуға және Петропавлдың дамуына қолайлы жағдай жасауға үлес қосқым келеді. Депутат болу – мінберден әдемі сөз сөйлеу емес. Бұл – жерлестердің игілігі үшін күнделікті еңбек ету, қаланың көркеюіне және сайлаушылардың мәселелерін шешуге атсалысу», – дейді Марат Ысқақов.

Кандидат өз жұмысында бес негізгі бағытқа басымдық бермек.

1. Кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу

Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау. Тұрақты жұмыс орындарын ашатын және қызметкерлеріне лайықты жалақы төлейтін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуге ықпал ету.

2. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және аулаларды абаттандыру

Көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін мүлік иелерінің бірлестіктері мен жай серіктестіктерге қаржылай қолдау көрсетуге ықпал ету. Балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын көптеп салу және ескілерін жаңарту.

3. Инфрақұрылымды дамыту және жұмыс сапасын бақылау

Қала жолдарының уақытылы әрі сапалы жөнделуін депутаттық бақылауға алу. Жаңбыр және еріген қар суын ағызатын кәріз жүйелерін салу. Көшелер мен аулаларды жарықтандыру мәселелерінің шешілуін қадағалау.

4. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұрғындардың мүддесін қорғау

Зейнеткерлердің, мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы отбасылар мен жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Оларға атаулы көмек көрсетуге ықпал ету.

5. Сайлаушылармен тұрақты байланыс орнату және есеп беру

Сайлау округін жеке аралап, тұрғындардың мәселелерімен танысу. Азаматтарды ашық қабылдап, олардың өтініштерін қарау. Өзекті мәселелерді мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында көтеру.

«Сайлаушылардың әрбір өтінішіне нақты жауап берілуі тиіс. Құрғақ жауаппен шектелуге болмайды. Халықпен ашық сөйлесіп, бірлесе жұмыс істесек, өңірімізді өркендете аламыз. Ал нақты істеріміз айтқан сөздеріміздің ең жақсы дәлелі болады деп сенемін», – дейді кандидат.

Марат Ысқақовтың басты ұстанымы – халық алдында адал болу, ашық жұмыс істеу және атқарылған істің нәтижесіне жеке жауап беру.

Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.

Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат М. Ж. Ысқақов.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

Поделиться:

Shares