Ауыл шаруашылығының болашағы – білікті маманның қолында. Ал ондай мамандарды даярлау жұмысы енді мектеп қабырғасынан басталмақ. Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы №2 орта мектепте агросынып ашылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа кабинетте жоғары сынып оқушылары агрономия мен өсімдік шаруашылығын тереңірек меңгеріп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Бастаса бірнеше ұйымның өзара әріптестігіне негізделген. Оған мектеп ұжымымен қатар, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және серіктес кәсіпорындар атсалысады. Бүгінде тараптар бірлескен жұмыстың бағыттарын айқындап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Енді оқушылар тек оқулықтағы мәліметпен шектелмейді. Олар университет зертханалары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барып, өндіріс барысымен танысады. Сонымен қатар мамандар мектепке келіп, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Бұл жасөспірімдердің аграрлық салаға деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды ертерек тануына жол ашады.
Қызылжар ауданында екінші агросынып ашылды
«Біздің мақсатымыз – мектеп оқушыларына ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарды таныстыру. Бұл тек агрономия немесе ветеринариямен шектелмейді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына да заманауи технологиялар мен IT саласы кеңінен еніп жатыр. Сондықтан күш салу керек. Бүгінгі таңда 10-11 сыныптардың 15 оқушысы осы сыныпта білім алуға ниет білдірді», — деді Қызылжар ауданы білім бөлімінің басшысы Алма Нұрғалиева.
Агросынып заманауи зертханалық құралдармен және арнайы қондырғылармен жабдықталған. Мұнда оқушылар тұқым сеуіп, өсімдіктің өсу кезеңдерін өз көздерімен бақылайды. Тіпті гидропоникалық жүйенің көмегімен топырақсыз өсіру тәсілдерін де үйрене алады. Сабақтарды мектеп ұстаздары мен университет оқытушылары бірлесе жүргізеді.
Жаңа мүмкіндікті пайдалануға ниетті жастардың бірі – Аймира Изтаева. Оныншы сынып оқушысы болашақта агроном немесе агротехнолог болуды көздейді. Оның айтуынша, өсімдіктің өсу ерекшелігін зерттеп, өнімнің қалыптасу үдерісін бақылау ерекше қызығушылық тудырады. Енді бұл бағыттағы алғашқы тәжірибесін мектептегі арнайы кабинетте жинақтай алады.
«Маған агрономия саласы өте қызық. Әсіресе, топырақпен жұмыс істеп, өсімдіктердің қалай өсетінін бақылаған ұнайды. Болашақ өнімнің сапасы мен көлемі агрономдардың еңбегіне байланысты. Қазір ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен жасанды интеллект те қолданылып жатыр. Бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын», — деді №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы Аймира Изтаева.
Айта кетейік, Бескөлдегі №2 орта мектепте 500-ге жуық оқушы білім алады. Жаңа агросыныптың есігі тек осы білім ордасының шәкірттеріне ғана емес, маңайдағы ауылдардың оқушыларына да ашық. Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстан облысында осындай жетң кабинетті іске қосу жоспарланған. Басты мақсат – ауыл шаруашылығына бейім, заманауи технологияны меңгерген жас мамандардың қалыптасуына мектеп кезінен негіз қалау.