Петропавл қаласындағы «Орман» шағын ауданының жаңа көшелері өз атауын алуы мүмкін. Бұл мәселе қоғамдық тыңдауларда қаралып, тұрғындар тарапынан бірауыздан қолдау тапқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, жеті көшеге Бейбітшілік, Самал, Арасан, Шалқар, Өркениет, Мереке және Бурабай атауларын беру ұсынылған.
Алайда әзірге бұл соңғы шешім емес. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар Республикалық ономастика комиссиясының қарауында жатыр. Көшелерге ресми атау беру жұмыстары комиссия оң қорытынды шығарғаннан кейін аяқталады.
Айта кетейік, бұл бастама 2026 жылға арналған ономастика саласындағы Жол картасына енгізілген. Ал 2027 жылға арналған ұсыныстар қазір министрліктің қарауында.
Сонымен қатар тиісті ведомство елді мекендердің атын ауыстыру жұмыстары әзірге тоқтатылғанын айтты.
«Елді мекендерді қайта атау жұмыстары уақытша тоқтатылғанын. Бұл шектеу Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылғы 21 қаңтардағы хатына сәйкес енгізілген»,- деп жауап берді QM сауалына облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Тағы оқыңыз: Біреуге көмектескен дәрі сізге қауіпті болуы мүмкін

