Солтүстік Қазақстан облысында қарашаның екінші аптасы қар, бұрқасын және көктайғақпен басталады. Алдағы төрт күнде ауа температурасы түнде -8 градусқа дейін төмендегенімен, күндіз қайта жылынады. Синоптиктер желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жететінін ескертеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы 10-13 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, өңірде тұрақсыз ауа райы сақталады. Қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын түсіп, кей аудандарда жаяу бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.

Сейсенбі, 10 қарашада түнде қар жауады. Жолдарда көктайғақ қалыптасады. Күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі.

Түнде ауа температурасы 3-8 градус аязға дейін төмендейді. Бұл – алдағы төрт күндегі ең төмен болжанған температура. Күндіз 0-5 градус жылы болады, алайда облыстың батысы мен солтүстігінде 3 градус аяз сақталуы мүмкін. Батыстан соғатын желдің екпіні кей аудандарда 15-20 м/с-қа жетеді.

«11 қарашада облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Күндіз қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын күтіледі. Ауа температурасы түнде 2 градус аяз бен 3 градус жылылық аралығында, күндіз 0-5 градус жылы болады»,- деп хабарлады синоптиктер.

12 қарашада облыстың солтүстігінде түнде қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ сақталады. Күндіз жаңбыр мен қар жаууы ықтимал. Түнде 1-6 градус аяз, күндіз 0-5 градус жылы болады.

13 қарашада да ауа райы айтарлықтай өзгере қоймайды. Облыстың солтүстігінде түнде қар мен жаяу бұрқасын, күндіз аралас жауын-шашын болжанады. Түнгі температура 1-6 градус аяз, күндіз 0-5 градус жылы болады.

Тағы оқыңыз: Төрт солтүстікқазақстандықтың есімі республикалық «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілді

 

Поделиться:

Shares