Солтүстік Қазақстан облысына Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық жұмыс тобы келді. Делегация мүшелері өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдерімен және бірқатар кәсіпорынның еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиындарда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жалақыны арттыру, газдандыру, жол құрылысы мен ауыл шаруашылығын қолдау мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жұмыс тобының құрамында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин бар.

Алғашқы кездесулердің бірі Ұлттық жаңғыру мектебінде өтті. Оған 130-ға жуық педагог қатысты. Ал облыстық көпбейінді ауруханада жүзге тарта медицина қызметкерімен кездесу ұйымдастырылды.

Жиында денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және жаңа нысандар салу мәселелері талқыланды.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, өңірлерде медициналық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл ретте Петропавлда салынып жатқан көпбейінді аурухананың маңызы зор.

«Қазір ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер жаңғыртылып, жаңалары салынып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавл қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатқаны қуантады. Халық медициналық көмекті өз өңірінде алып, басқа қалаларға баруға мәжбүр болмауы керек», – деді Қайрат Айтуғанов.

Бұдан кейін жұмыс тобы С.М. Киров атындағы зауыттың еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға қатысқан жүзге жуық қызметкер кәсіпорынның болашағына қатысты сауалдарын қойды. Сондай-ақ газдандыру, жол инфрақұрылымы, логистика және ең төменгі жалақыны арттыру мәселелері талқыланды. Кездесуде зауытты жекешелендіру жайы да қозғалды.

«Президент Жолдауында ең төменгі жалақыны арттыру, газдандыру, жолдар мен логистиканы дамыту мәселелері айтылды. Мұның бәрі біз үшін маңызды. Қазір зауытты жекешелендіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұжым сақталады деп уәде беріп отыр. Мұнда білікті мамандар бар. Жеке инвестиция тартылса, кәсіпорынның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деді өндіріс бастығы Александр Криволапов.

СҚО-да Президент Жолдауындағы басым бағыттар талқыланды

Ал облыстық кітапханада мәдениет саласының өкілдерімен кездесу өтті. Қатысушылар саланы дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев әлеуметтік саясаттағы өзгерістерге тоқталды.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланғанын атап өтті.

Жұмыс тобы Qyzyljar Creative Center орталығына да барды. Мұнда делегация мүшелері шығармашыл жастарды қолдау, цифрлық құзыреттерді дамыту және тың жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Орталық жетекшісі Жайнагүл Оспанованың айтуынша, кездесуде мәдениет саласын дамыту мен жастардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Жалпы, жұмыс сапары барысында Жолдауда белгіленген міндеттер салалық мамандармен талқыланып, өңірдің өзекті мәселелері көтерілді. Жиындарға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 42 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды

Поделиться:

Shares