Түнгі рейд барысында Петропавл полицейлері есірткіге мас күйде көлік басқарған азаматты анықтады. Медициналық сараптама оның тыйым салынған заттардың әсерімен рөлге отырғанын растаған. Енді жүргізуші заң алдында жауап береді. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.

Оқиға Жамбыл көшесінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері түнгі уақытта «Changan Alsvin» автокөлігін тоқтатып, 31 жастағы жүргізушіні тексерді. Медициналық куәландыру нәтижесі оның есірткіге мас күйде болғанын көрсетті. Осыған байланысты азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Мұндай құқық бұзушылық үшін заңда қатаң жаза қарастырылған. Есірткіге мас күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

«Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде көлік басқару деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері полицейлер осындай мыңға жуық құқық бұзушылықтың алдын алған. Рейдтік шаралар күн сайын жалғасып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қадағалануда», — деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі өзгерді

Поделиться:

Shares