Солтүстік Қазақстан облысында 16 табиғат пайдаланушының экологиялық талаптарды орындамағаны анықталды. Бірі аумағын көгалдандырмаған, енді бірі қоқыс шығару мәселесін шешпеген. Ал кейбірі қоршаған ортаны қорғау жұмыстары туралы есеп бермеген. Заң бұзғандарға жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Заң бұзушылықтарды облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Прокурорлар экологиялық заңнаманың қалай орындалып жатқанын тексерген.

Нәтижесінде бес субъектінің өз міндеттерін орындамағаны белгілі болды. Олар аумақтарын көгалдандыру, жасыл желек көлемін арттыру және қалдықтарды шығару үшін арнайы ұйымдармен келісімшарт жасау талаптарын сақтамаған.

Тағы 11 табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау шараларының орындалуы туралы есептерін тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмаған.

«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 326 және 327-1-баптары бойынша жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 миллион 27 мың 500 теңгені құрады», — деп хабарлады СҚО прокуратурасы.

Сонымен қатар табиғат пайдаланушыларға экологиялық талаптарды сақтау қажеттігі түсіндірілді. Әсіресе қоршаған ортаны қорғау шараларын уақытында орындау және есептерді кешіктірмей тапсыру мәселесіне назар аударылды.

Тағы оқыңыз: Махаббаттың құны 5 тәулік: Петропавлда әйел TikTok үшін қамалды

Поделиться:

Shares