Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан әйелдер мен балалар жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға барып паналай алады. Ол үшін елде PANA деп аталатын қауіпсіз орындар желісін құру ұсынылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл бастаманы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары көтерді. Олар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрлеріне депутаттық сауал жолдады. Мәселені Құрылтай отырысында депутат Лариса Ли жеткізді. 

«Зорлық-зомбылық немесе қудалау кезінде жәбірленушінің қашып құтылуға бірнеше минуты ғана болады. Қорыққан, телефоны мен ақшасы жоқ адам алыстағы полиция бөліміне жүгірмейді. Егер жақын жерде паналайтын орын болмаса, ол қайтадан қауіптің ортасында қалады», — делінген депутаттық сауалда.

PANA қазақ тілінде «пана», «баспана» деген мағынаны білдіреді. Жоба аясында тұрғын үйлерге жақын орналасқан қауіпсіз орындар желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай орындар кәдімгі дүкендерде, дәріханаларда, мүлік иелерінің бірлестіктері мен ПИК кеңселерінде болуы мүмкін. Олардың кіреберісіне арнайы PANA белгісі ілінеді. Егер әйел немесе бала зорлық-зомбылықтан қашып келсе, мекеме қызметкерлері арнайы нұсқаулық бойынша әрекет етеді. Алдымен жәбірленушіні қауіпсіз бөлмеге кіргізеді. Оны қуып келген адамды ішке жібермейді. Қажет болса, алғашқы көмек көрсетіп, полиция мен тиісті қызметтерді шақырады.

Жоба авторлары жаңа ғимарат салудың қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені қауіпсіз орындар жұмыс істеп тұрған мекемелердің ішінде ашылады. Бұл бастама әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды болуы мүмкін.

«Ауылдық жерлерде бір учаскелік полиция қызметкері бір-бірінен 20–30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерге жауап береді. Ал ауылдағы ең жақын әрі сенімді орындардың бірі — дүкен. Тұрғындар сатушыны жақсы таниды және оған сенеді», — дейді депутаттар.

Депутаттардың мәліметінше, Ішкі істер министрлігі бастаманы қолдайды. Қауіпсіз орындардың қызметкерлеріне полицияның қоғамдық көмекшісі мәртебесін беру ұсынылып отыр. Олардың жұмысы бейнебақылау және цифрлық жүйе арқылы тіркеледі.

Жәбірленуші PANA пунктіне жүгінген кезде тиісті мекемелерге бірден хабарлама жіберіледі. Осылайша көмек көрсету уақытын қысқарту көзделген. Сонымен қатар әрбір өтініш цифрлық жүйеде сақталады. Қауіпсіз орындардың қызметкерлері азаматтардың жеке деректерін көре алмайды. Олар тек алғашқы хабарламаны жібереді. Ал ақпаратты тиісті мемлекеттік органдар өңдейді.

Қазір Астана, Көкшетау және Теміртау қалалары пилоттық жобаны бастауға дайын. 

«Бүгінде Астана, Көкшетау және Теміртау пилоттық жобаны іске қосуға толық дайын. Бірақ сіздердің ведомстволарыңыз FSM Social жүйесіне қосылуға кедергі келтіріп, қолжетімділік бермей отыр», — делінген сауалда.

Осыған байланысты депутаттар жобаны цифрлық жүйеге қосуды талап етті. Олар үш қаладағы қоғамдық көмекшілер үшін жеке IP-мекенжай мен ақпарат жіберетін біржақты байланыс арнасын ашуды сұрады. Әзірге министрліктердің депутаттар көтерген мәселеге қатысты ресми жауабы жарияланған жоқ.

Тағы оқыңыз: СҚО-дағы өндіріс орындарында 30-ға жуық жазатайым оқиға тіркелген

 

Поделиться:

Shares