Солтүстік Қазақстан облысының атынан ұсынылған Sensitive би театры мен Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов «Халықтың сүйіктісі – Народный любимец года» ұлттық сыйлығының XVI маусымында жеңімпаз атанды. Екі үміткер де халықтық дауыс берудің алғашқы кезеңінде айқын басымдық танытып, сыйлықты мерзімінен бұрын иеленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ұлттық сыйлықтың «Жылдың мәдени жобасы» номинациясында Sensitive би театры 85 пайыз дауыс жинады. Есту қабілеті бұзылған өнерпаздардан құралған инклюзивті шығармашылық ұжым көрермендерге ерекше өнерімен танылып келеді. Биыл ұжым «Ботай» этнопластикалық спектаклін ұсынып, көрермендердің ықыласына бөленді.

Қойылымда көне дәуірдің мәдениеті мен тарихы би тілі арқылы бейнеленеді. Өнерпаздар музыканы есту арқылы емес, ырғақ пен қозғалысты сезіну арқылы жеткізеді. Бұл – шығармашылық мүмкіндіктің шексіз екенін көрсететін ерекше жоба. Sensitive театрының жетістігі инклюзивті өнердің дамуына да тың серпін беріп отыр.

Ал «Жыл параспортшысы» номинациясында Ербол Хамитов 79 пайыз дауыс жинады. Солтүстікқазақстандық спортшы биыл Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, парабиатлоннан алтын, шаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алды. Осылайша, ол халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның спорт тарихындағы маңызды жетістіктердің біріне үлес қосты.

Халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша екі үміткер де өз номинацияларында өзгелерден оқ бойы озық шыққан. Сыйлықтың ережесіне сәйкес, мұндай жағдайда қазылар алқасының шешімімен жеңіс мерзімінен бұрын беріледі. Айта кетейік, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы қоғам өмірінің түрлі саласында табысқа жеткен азаматтар мен үздік жобаларды анықтауға бағытталған. Оның басты ерекшелігі – жеңімпаздарды таңдауда халықтың пікірі мен қолдауы шешуші рөл атқарады.

Тағы оқыңыз: Петропавлдық жас волейболшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды

Поделиться:

Shares