Биыл Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін футбол клубтарына мемлекеттік бюджеттен 31 млрд 236 млн теңге бағытталған. Бұл туралы «Дядя Ваня» инстаграм парақшасында жазылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін футбол клубтарына бюджеттен 31 млрд 236 млн теңге бағытталған. Жекеменшік қаржыландыру жүйесі қалыптасып келе жатқанына қарамастан, кәсіби командалардың басым бөлігі әлі де мемлекет қолдауына сүйенеді. Бұл туралы «Дядя Ваня» мемлекеттік сатып алу порталындағы жарияланған тендерлерді зерделеп, есеп жүргізген.
Қаржы көлемі бойынша Шымкенттің «Ордабасы» клубы көш бастап тұр. Командаға екі миллиар 811 млн теңге бөлінген. Екінші орында Семейдің «Елімайы» – екі миллиард 808 млн теңге. Үздік үштікті екі миллиард 693 млн теңге алған Қостанайдың «Тобылы» түйіндейді.
Одан кейінгі орындарда Талдықорғанның «Жетісуы» – екі миллиард 613 млн, «Ақтөбе» – екі миллиард 477 млн, Өскеменнің «Алтайы» – екі миллиард 446 млн және «Атырау» – екі миллиард 400 млн теңге. Петропавлдың «Қызылжар» клубына екі миллиард 126 млн теңге бөлінген. Бұл тізімде команда сегізінші орында тұр.
Сондай-ақ Көкшетаудың «Оқжетпесіне» екі миллиард 100 млн, Жезқазғанның «Ұлытауына» бір миллиард 987 млн, Қызылорданың «Қайсарына» бір миллиард 871 млн, Павлодардың «Ертісіне» бір миллиард 655 млн теңге берілген. Ақтаудың «Каспийі» бюджеттен бір миллиард 500 млн теңге, елордалық «Жеңіс» 999 млн теңге, ал Алматының «Қайраты» 750 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алған.
Ал «Астана» клубына бюджеттен бөлінген қаражат нөлге тең деп көрсетілген. Бір қызығы, бөлінген қаржы көлемі командалардың турнирлік нәтижесімен әрдайым сәйкес келе бермейді. Мәселен, бюджеттен екі миллиард 613 млн теңге алған «Жетісу» маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигадан шығып қалды. Ал одан қаржы аз аз бөлінген «Алтай» мен «Атырау» элиталық дивизиондағы орнын ғана сақтап қалды.
Айта кету керек, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың барлығы негізгі командаларды ұстауға жұмсалмайды. Оның бір бөлігі балалар мен жасөспірімдер академияларын дамытуға, сондай-ақ әйелдер командаларын қаржыландыруға бағытталады. Кәсіби футбол клубтарына миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Бұл қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны және оның спорттық нәтижеге әсері туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Мәселен, еврокубокте өнер көрсеткен төрт клубтың үшеуі алғашқы айналымдарда жарыс жолынан шықты. Ел чемпионы Қайраттың өзі әупірімдеп жүріп, топтық кезеңге жолдама алды. Бірақ ол жақта да қарық қылып жатқаны шамалы. Ойсырай ұтылып жүр.
Ұлттық құраманың сиқы анау. Ұлттар лигасында төрт ойында екі рет жеңілді. Екі мәрте тең түсті. Турнирлік кестеде соңғы орында тұр.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың цифрлық экономикасы әлемдік БАҚ назарында: NVIDIA, суперкомпьютерлер және өсу үшін жаңа мүмкіндіктер

