Қазақстанда медицина саласында сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың аясында медициналық препараттардың 494 түрін өндіру жоспарланып отыр. Жобалар нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жобалар бойынша жасалған келісімдердің жалпы құны 862 миллион АҚШ долларын құрайды. Өндіріс кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы 300 түрлі дәрі-дәрмекті 2027-2030 жылдары шығару көзделген.

Отандық фармацевтика саласы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіру көлемі 37 пайызға артқан. Ал 2026 жылдың сегіз айында 157 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға көп.

Соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 3,3 есеге, ал экспорт көлемі 1,9 есеге өскен. Қазақстандық дәрілік препараттар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдоваға жеткізіледі. Отандық өнімнің шетел нарығына шығуына Шымкентте өндірілген қант диабетіне қарсы препараттың алғашқы партиясының Болгарияға жөнелтілуі дәлел.

«Алдағы уақытта саулық сақтау министрлігі отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттарды кеңейтіп, қазақстандық дәрі-дәрмектерді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл өндіріс көлемін арттырып, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді Әлназарова.

Тағы оқыңыз: Мәслихат сайлауына қатысатын партиялардың бюллетеньдегі реті жеребе арқылы анықталды

Поделиться:

Shares