Петропавлда отбасылық жанжалға байланысты шақыртуға барған полицейлер адам өмірін сақтап қалды. Олар көпқабатты үйдің кіреберісінде суицид жасамақ болған ер адамды дер кезінде байқап, шұғыл көмек көрсеткен. Оқиға 29 қазан күні болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сол күні кешкі сағат 21:00 шамасында полицияға қаланың 19-шағынауданындағы үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Санат Еменалин мен Берік Құсайынов жеткен.

Кіреберіске кірген тәртіп сақшылары терезе алдындағы қораптың үстінде отырған ер адамды байқайды. Ол қырылдап, тыныс алуға қиналып жатқан. Мойнына байланған жіңішке баудың екінші ұшы терезе тұтқасына бекітілген екен. Полицейлер бірден әрекетке көшіп, Берік Құсайынов ер адамды көтеріп, мойнындағы қысымды азайтқан. Ал Санат Еменалин бауды оттықпен күйдіріп үзіп жіберген. Осыдан кейін екеуі оның тамыр соғысын тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен және жедел жәрдем шақырған.
Кейін белгілі болғандай, 39 жастағы ер адам сол кеште жұбайымен жанжалдасқан. Әйелінің айтуынша, күйеуі мас болған. Жанжалдан кейін ол полиция шақырған, алайда ер адамның пәтерден шығып, мұндай әрекетке барғанын білмепті.
Тағы оқыңыз: Құрылтайдың ресми сайтында азаматтардан ұсыныс қабылдайтын жаңа бөлім ашылды

