Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Дерттің алдын алып, оны ерте кезеңде анықтау емнің нәтижелі болуына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта 31 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Шара барысында тұрғындар маммолог дәрігерлердің кеңесін алып, қажетті диагностикалық тексерулерден өтті.
Бір күнде медициналық көмекке 78 адам жүгінген. Тексеру нәтижесінде екі әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Тағы 25 тұрғыннан өзге ауру түрлері белгілі болды. Алдын ала қатерлі патологиялар тіркелген жоқ. Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және ауруды асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді.

«Ашық есік күні аясында 32 ультрадыбыстық зерттеу жасалып, 26 маммография жүргізілді. Бұл тексерулер сүт безіндегі өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Әсіресе, ешқандай белгі байқалмаған жағдайда да профилактикалық тексеруден өту маңызды. Себебі қатерлі ісік бастапқы кезеңде білінбеуі мүмкін», — деп хабарлады СҚО онкологиялық орталығы.

Дәрігерлер әйелдерді денсаулығына бейжай қарамай, жас ерекшелігі мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес тұрақты тексеріліп тұруға шақырады. Ауруды ерте анықтау – уақытылы ем қабылдап, сауығу мүмкіндігін арттырудың маңызды шарты.

Тағы оқыңыз: Хэллоуин қазаққа жат мереке ме?

Поделиться:

Shares