Петропавлдағы «Qyzyljar» креатив орталығында кәсіби және әуесқой фотографтар арасында облыстық байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасы үздік деп танылған 20 фотожұмысты іріктеп, көрмеге қойды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазылар алқасы үздік деп танылған 20 фотожұмысты іріктеп, көрмеге қойды. Байқаудың басты мақсаты – фотосурет арқылы қаланың көркін, тұрғындардың тыныс-тіршілігін және өңірдің өзіндік ерекшелігін көрсету. Сонымен қатар, фотографтардың тәжірибе алмасуына, жаңа есімдердің танылуына және шығармашылық идеялардың жүзеге асуына жол ашу.
«Басты мақсатымыз – фотокамера объективі арқылы қаламыздың әсемдігін, тұрғындарын және қайталанбас атмосферасын көрсету. Қатысушылар сарапшылармен пікір алмасып, фотожұмыстарды кәсіби тұрғыда талдайды. Таланттарды анықтап, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін осындай алаңдар біз үшін өте маңызды», — деді «Qyzyljar» креатив орталығының жетекшісі Жайнагүл Оспанова.
Көрмеге қойылған әр туындының өзіндік тарихы бар. Бірі қаланың күнделікті тіршілігін бейнелесе, енді бірі ұлттық болмыс пен ерекше сәттерді суреттейді. Фотосуреттер көрерменге сан түрлі эмоция сыйлап, әр кадрдың астарына үңілуге мүмкіндік береді.
«Мен 2010 жылдан бері суретке түсіремін. Осы уақыт ішінде түрлі жанрда жұмыс істедім. Қазір балаларға фотоөнерді үйретіп жүрмін. Фотосуреттің басты құндылығы – адамға эмоция сыйлап, есте қалар сәттерді сақтап қалу. Байқауға «Томирис» сән театрымен бірлескен түсірілімде жасаған жұмыстарымды ұсындым. Онда мешіт маңында қазақтың ұлттық киімін киген кішкентай балалар бейнеленген. Осы туындымның финалға өткені мен үшін қуанышты жаңалық болды», — деді бацқауға қатысушы Виталий Зыбин.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен және 3D технологиясымен жасалған арнайы кубоктармен марапатталды. Бас жүлдеге петропавлдық Софья Рубан ие болды. Оның жұмысы қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Фотокөрме үш күн бойы жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтары шығармашылық туындыларды тамашалап, фотографтардың еңбектерімен таныса алады.
Тағы оқыңыз: Жүктелген міндеттерді орындау: СҚО-да Президент Жолдауы талқыланды

