Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ет өнімдерін заңсыз өндіретін цехты анықтады. Петропавл қаласының тұрғыны үйрек етінен өнім дайындап, оны «Белорусский продукт» брендімен қаптап, қала базарларында сатқан. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты тексеру барысында Жамбыл көшесіндегі заңсыз цехты анықтаған. Белгілі болғандай, 41 жастағы қала тұрғыны үйрек етін сатып алып, өңдегеннен кейін дайын өнімді «Белорусский продукт» брендімен қаптап, саудаға шығарған. Заңсыз пайда тапқан азамат кәсіпкерлік қызметті тиісті тәртіппен жүзеге асырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар ветеринариялық инспекция мамандары оны ветеринариялық талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартқан. Ал өнім өндірілген орынның санитариялық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бағалайды.

«Полицейлер тұрғындарды азық-түлік сатып алғанда сақ болуға шақырады. Мамандар өнімді сенімді сауда орындарынан алып, оның шығу тегін растайтын құжаттарға назар аударуға кеңес береді», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосты

Поделиться:

Shares