Мұғалімнің басты міндеті – есеп беру емес, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ұстаздардың жұмысындағы артық жүктемені азайтып, олардың абыройы мен беделін қорғау қажеттігін айтты. Бұл мәселеге Петропавлдағы №17 орта мектептің директоры Ләззат Жалмұқанова да өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұрын ұстаздардың уақытын қағазбастылық алса, қазір оның орнын түрлі цифрлық платформалар мен электронды есептер басқан. Сондықтан педагогтерді негізгі міндетінен алшақтататын қажетсіз жұмыстарды қысқарту маңызды.
Петропавл қаласындағы №17 орта мектептің директоры Ләззат Жалмұқанованың айтуынша, ұстаздың уақыты ең алдымен оқушының білімін жетілдіруге, қабілетін ашуға және тәрбиесіне жұмсалуы керек.
«Мектеп басшысы әрі мұғалім ретінде бұл мәселенің маңыздылығын жақсы түсінемін. Ұстаздың негізгі жұмысы – қағаз толтыру емес, баланың қабілетін ашу, сапалы білім мен жақсы тәрбие беру. Сондықтан мұғалімдердің уақытын алатын қажетсіз жұмыстарды азайту өте маңызды», – дейді ол.
Президент Жолдауында мұғалімдердің қоғамдағы беделін қорғау мәселесіне де назар аударды. Әсіресе, мектептегі тәртіп, оқушы мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас және өзара сыйластықтың маңызы айтылды.
Бұл ретте мектеп директоры бала тәрбиесіне тек білім беру ұйымы ғана жауапты болмауы керектігін жеткізді.
«Ұстаздың абыройын қорғап, мектепте өзара құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыру қажет. Бала тәрбиесі – мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті», – деп атап өтті ол.
Ләззат Жалмұқанованың пікірінше, сапалы білім беру үшін мұғалімге өз міндетін толық атқаруға жағдай жасалып, мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс болуы тиіс.
Тағы оқыңыз: Азамат Мағзұмов: «Дәрігерлерге бар жағдай жасалуы тиіс»

