Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды жаңалық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау мен Петропавлды байланыстыратын тас жолды кеңейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы солтүстік өңірлердегі жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі ерекше өзекті екенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің барлық аймағын байланыстыратын заманауи көлік желісін құру қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан қолданыстағы жолдардың сапасын жақсартып, өткізу мүмкіндігін арттыру қажет. Бұл мәселе әсіресе солтүстік облыстар үшін маңызды.

«Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жол саласындағы тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушылардың үлесінде. Сондықтан отандық жүк тасымалдаушыларға қолдау көрсетіп, олардың мүмкіндігін кеңейту қажет.

Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасына да ерекше назар аударды. Әсіресе республикалық және жергілікті жолдарға жауапты мекемелердің бір-біріне сілтеп, мәселені шешуді созбалаңға салатынын сынға алды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұдан былай республикалық қана емес, жергілікті маңызы бар жолдардың сапасына қатысты жұмыстарды да Үкімет Көлік министрлігі арқылы үйлестіруі тиіс.

«Бізге өте сапалы жолдар қажет. Битум мен қиыршық тастың сапасына сілтеме жасау қабылданбайды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Тағы оқыңыз: 28-ші қазанда магистратура мен докторантураға түсуге өтініш қабылдау басталады

Поделиться:

Shares