Солтүстік Қазақстан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл өңірде 50 спорт нысаны салынды. Қазір стадиондар мен бассейндер жөнделіп жатыр. Дегенмен сегіз ауылдық округте спорт нұсқаушылары жетіспейді. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Өңірде 28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 13,7 мың бала спорттың 47 түрімен тегін айналысады. Жаттығу жұмыстарын 680 жаттықтырушы-педагог жүргізеді.

Облыста барлығы 2197 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 13 стадион, 11 бассейн және 29 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Биыл елді мекендерде 44 шағын футбол алаңы, төрт спорт алаңы және екі хоккей корты салынды.

СҚО-да спорт нұсқаушылары жетіспейді
СҚО-да спорт нұсқаушылары жетіспейді

«Қазір бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Қызылжар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы спорттық манеж, Айыртау ауданындағы футбол стадионы, Кішкенекөл ауылындағы жабық бассейн мен тренажер залы, сондай-ақ екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Есіл аудандық спорт мектебінің стадионын күрделі жөндеуге және оған іргелес аумақты абаттандыруға бір миллиард 25 млн теңге қарастырылған», — деді Қарлығаш Әсетқызы.

Ауылдық жерлердегі спорт нысандарын жаңартуға кәсіпкерлер де үлес қосып жатыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Таманское ауылында стадион демеушілердің қаражатына күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 80 млн теңге жұмсалды. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылындағы стадионды жөндеуге 60 млн теңге бағытталды.

«Облыста сегіз спорт нұсқаушысы жетіспейді. Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Тимирязев және Есіл ауданындағы мекемелерге білікті мамандар қажет», — деді басқарма басшысы.

Тағы оқыңыз: Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды

Поделиться:

Shares