Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елдің экономикалық әлеуетін халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Осылайша, Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі деп болжанып отыр.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард доллардан жоғары.
Президент осы қаржылық мүмкіндіктерді елді дамытуға жұмсау керектігін айтты.
«Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы мақсатта Үкімет арнайы инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы әлеуметтік жобаларды кейінге қалдырмай, қаржыландыруды қазірден бастауды тапсырды.
«Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді Президент.
Осылайша, алдағы жылдары еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі. Жаңа жоспар аясында нақты қандай нысандар салынатыны мен жаңғыртылатыны кейін айқындалады.

