Қазақстанда соңғы бес жылда 1003 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар дәрігер тапшылығы 20,4 пайызға қысқарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерін қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа нысандардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Сондай-ақ ғылыми медициналық орталықтар мен өзге де денсаулық сақтау ұйымдары қолданысқа берілген. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылды.

Дәрігер тапшылығы да біртіндеп азайып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі дәрігер жетіспеушілігі 20,4 пайызға, ал ауылдық жерлерде 28,3 пайызға төмендеген. Қазір денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 84 мыңға жуығы – дәрігер.

Медицина мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді. 2025 жылы 1760 дәрігер көмектепді пайдаланған. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген мамандар саны 727 адамға жетіп, 3,3 есе өсті. Ал ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 529 дәрігерге 8,5 миллион теңгеден біржолғы төлем берілді.

«Мамандар даярлау жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Қазір медициналық жоғары оқу орындарында 72 мыңнан астам адам білім алуда. Бұдан бөлек, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық студент оқиды. Елімізде медицина саласы бойынша 760 білім беру бағдарламасы тіркелген. Олардың қатарында IT-медицина, кинезитерапия және мейіргер ісі ғылымы сияқты жаңа бағыттар бар», — деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Поделиться:

Shares