Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында 100 орынға шақталғае аурухана кешені бой көтереді. Оның құрамында бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана да болады. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда төрт жылдан бері бос тұрған бұрынғы туберкулез диспансерінің ғимаратын қайта пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Саумалкөлдегі аурухана кешенін EPC+F моделі бойынша салу көзделген. Бұл тәсіл жобалау, құрылыс жүргізу және қаржыландыру жұмыстарын бір жоба аясында жүзеге асыруды қарастырады. Болашақ медициналық нысанның құны сегіз миллиард 476 млн теңгеге бағаланып отыр.

«2026 жылғы 24-шілдеде құрылыспен айналысатын мердігері анықталды. Ол — «УК Строй» ЖШС. Қазіргі уақытта медициналық-техникалық тапсырма әзірленіп, ғимараттың жоспарлау жұмыстары орындалды», — деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ құрылыс алаңында геодезиялық түсірілім жүргізіліп, жер учаскесіне радиациялық-гигиеналық зерттеулер жасалған. Ендігі кезекте инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары қолға алынбақ. Кездесуде Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы бұрынғы туберкулез диспансерінің болашағы да сөз болды. Төрт жылдан бері бос тұрған ғимараттың негізінде ауданаралық аурухана құру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі бұл мәселені көп созуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ғимаратты сақтап қалу үшін жұмысты жеделдету қажет. Әйтпесе, нысанның жарамсыз күйге түсу қаупі бар.

«Жұмысты қысқа мерзімде қолға алу керек. Тағы бір жыл өтсе, бұл ғимаратты сақтап қала алмаймыз», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы туберкулез диспансерінің ғимараты саудаға шығарылған. Алайда оны сатып алуға ниет білдіргендер болмаған.

Тағы оқыңыз: Петропавлда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде мың тоннадан астам өнім саудаланды

Поделиться:

Shares