Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысатын кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына бөлінетін қаражат мөлшерін бекітті. Қаржы республикалық бюджеттен қарастырылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Облыстық мәслихаттар мен Астана және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына үміткерлерге теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеуге, сондай-ақ баспа немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңгеге дейін бөлінеді. Ал жария үгіт іс-шараларын өткізу мен үгіт материалдарын әзірлеуге 180 мың теңге, көлік шығындарына 110 мың теңге қарастырылған.

Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға сөз сөйлеу мен жарияланымдар үшін 400 мың теңге, үгіт материалдары мен іс-шараларға 170 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге беріледі. Аудандық мәслихаттарға үміткерлер үшін бұл сомалар тиісінше 290 мың, 130 мың және 80 мың теңгені құрайды.

«Қаражат көлемі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес белгіленген. Орталық сайлау комиссиясының қаулылары өңірлік және аумақтық сайлау комиссияларына жолданады», — деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.

Еске салайық, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Сайлау науқаны аясында 227 мәслихатқа 3 447 депутат сайлау жоспарланған. Оның ішінде 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық және аудандық мәслихаттарға тиесілі.

Тағы оқыңыз: Петропавлда мас күйде электрлі велосипед басқарған ер адам 20 тәулікке қамалды

Поделиться:

Shares