Петропавлда белгісіз алкогольдік сұйықтықтан уланған үшінші адам көз жұмды. 75 жастағы зейнеткердің өмірі үшін дәрігерлер сегіз күн бойы күрескен. Бұған дейін онымен бірге ішімдік ішкен тағы екі ер адам қайтыс болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алдын ала мәлімет бойынша, үш ер адам белгісіз алкогольдік тұнбаны ішкен. Көп ұзамай олардың денсаулығы күрт нашарлаған. Зардап шеккендер ауыр улану белгілерімен Петропавлдағы көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.
«Ер адамдардың барлығында ұқсас белгілер байқалды. Олар қатты ентігіп, айналасындағылармен байланысы бұзылған. Науқастардың бірінде бірнеше рет құсу белгілері болған», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің бар жағдайды жасағанымен, үш науқасты да аман алып қалу мүмкін болмады. 52 жастағы ер адам ауруханаға түскен күні көз жұмған. Ал 48 жастағы екінші науқас бірнеше күннен кейін қайтыс болды.
Үшінші науқас, 75 жастағы зейнеткер, аса ауыр жағдайда жатқан еді . Дәрігерлер сегіз күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол да көз жұмды.
Кейінірек ер адамдар ішкен алкогольдік сұйықтық құйылған бөтелке қоқыс жәшігінен табылған болуы мүмкін деген ақпарат белгілі болды. Бөтелке тәркіленді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Улы сұйықтықтың нақты құрамы мен қайдан алынғаны анықталуда.
Тағы оқыңыз: Мәслихат сайлауы: үміткерлерге қанша қаражат бөлінеді?

