Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымына несие беруге тыйым салынды. Тексеру кезінде олардың заң талаптарын бірнеше рет бұзып, клиенттердің құқықтарын сақтамағаны анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізген. Нәтижесінде заңды жүйелі түрде бұзған жеті компания анықталды.
23 қазанда қабылданған шешім бойынша мына ұйымдар лицензиясынан айырылды:
- MaxMoney;
- Microfinance Systems;
- SurfKaz Finance;
- MFO№1;
- Умит Финанс;
- Вивус;
- EL QAZYNA.
Енді бұл ұйымдар жаңа микрокредит бере алмайды. Сондай-ақ заңда көрсетілген ерекше жағдайлардан басқа кезде бұрын жасалған несие келісімдерінің талаптарын өзгертуге құқығы жоқ. Бірақ, Лицензияның қайтарып алынуы қарызды жоймайды. Клиенттер бұрын жасалған келісімшарт бойынша несиесін өтеуге міндетті. Төлемді кешіктірген жағдайда келісімшарт талаптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Лицензиясынан айырылған компаниялар 30 күн ішінде қайта тіркеліп, атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді алып тастауы тиіс. Немесе компанияны қайта құру не тарату туралы шешім қабылдауы керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың құқығын қорғау үшін микроқаржы ұйымдарын тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді. Заң талаптарын бұзған компанияларға тиісті шаралар қолданылады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда белгісіз алкогольден уланған үшінші адам да қайтыс болды

