Жүктелген міндеттерді орындау: СҚО-да Президент Жолдауы талқыланды
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму бағыттарын айқындап, жауаптыларға бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Бүгін облыстық әкімдікте саяси шарада айтылған бастамаларды талқылау және оны өңірде жүзеге асыру бағытында жиын өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алқалы жиында облыс экономикасының даму қарқыны жайлы сөз болды. Бұл ретте ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді айтпай кетпеске болмайды. Биыл аталған сала қазынаға 700 млрд теңгеге жуық пайда түсірген.
Диқандар дәнді және дәнді-дақылдарға арналған алқаптардан бес миллион тоннаға жуық өнім жинаған. Тауарлы-сүт фермаларында 300 мың тоннадан астам сүт өндірілген. Қазіргі таңда облыстың мал шаруашылығындағы тәжірибесін өзге аймақтар қолданып жүр. Бұны Мемлекет басшысы өз Жолдауында тілге тиек етті.
Жүктелген міндеттерді орындау: СҚО-да Президент Жолдауы талқыланды
«Биыл облыс шаруаларына мемлекет тарапынан 220 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде серіктестіктердің машина-трактор паркі 1500 жаңа техникамен толықты. Қазіргі таңда сүт және сүт өнімдерін, жем мен жүгері өндіретін ауқымды зауыттар салынуда. Жыл соңына дейін облысқа 5 мың асыл тұқымды ірі қара жеткіземіз. Бүгінде саладағы басты мәселе — кадр тапшылығы. Жалдамалы жұмысшыларды табу қиынға соғуда. Түйткілді шешу жолында жүйелі жұмыс жүргіземіз», — деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Ағымдағы жылы облыс экономикасы 111 пайызға өскен. Бұл — ел бойынша бесіншіші көрсеткіш. Мемлекет басшысы саяси шарада инвестицияға да ерекше назар аударды. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылған.
Бүгінде аймақта 392 млрд теңгенің 75 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың жобалар жетерлік. Теріскей алдағы уақытта қарқынды құрылыс алаңына айналады.
Жүктелген міндеттерді орындау: СҚО-да Президент Жолдауы талқыланды
«Алдағы уақытта Петропавлда жедел жәрдем станциясы салынады. Айыртау ауданында жаңа аурухана мен емхана бой көтереді. Қос жобаның жалпы құны — 16 млрд теңге. Сондай-ақ, 4 мектеп тұрғызуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылы облыста жалпы ауданы 345 мың шаршы метр тұрғын үйлер қолданысқа беріледі. Оның басым көпшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған», — деді СҚО әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов.