Алтыншы қарашада Петропавлда академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған «Тарих зердесі» атты Қазақстан тарихы пәнінен оқушылар олимпиадасы өтеді. Білім сайысына мектептердің 11-сынып оқушылары қатысады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Зияткерлік дода Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылады. Оның мақсаты – өскелең ұрпақтың Отан тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи дереккөздерді талдау дағдыларын жетілдіру және оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту. Сонымен қатар, олимпиада тарих пен гуманитарлық ғылымдарға бейімі бар дарынды жастарды анықтауға мүмкіндік береді.

Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қатысу тегін. Байқауға қатысуға өтінімдер 30 қазанға дейін қабылданады. Ол үшін ozhkusainov@ku.edu.kz электрондық поштасына хат жолдау қажет.

Олимпиада алтыншы қарашада Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің №6 оқу корпусындағы «Manash Kozybayev Hall» аудиториясында өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 10:00-де басталады. Байқаудың қорытындысы 10 қарашада шығарылады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 13 қарашаға жоспарланған.

«Шарада алдымен оқушылар тест тапсырады. Кейін аналитикалық тапсырманы орындайды. Жеңімпаз университетте бір жыл тегін оқуға мүмкіндік алады», — университеттің баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да алғаш рет фотографтар арасында облыстық байқау өтті

Поделиться:

Shares