Петропавлда есірткіге тәуелділік пен оның заңсыз айналымының алдын алуға арналған форум өтті. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған кездесуге студенттер, оқытушылар, психологтар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мамандар жастарға есірткінің зияны, заңсыз сауда үшін көзделген жауапкершілік және қауіпті әрекеттердің алдын алу жолдары туралы айтты. Форумда есірткі қылмысының нақты салдары да сөз болды. Кездесуге есірткі таратқаны үшін сотталған Михаил Денисов арнайы шақырылды. Оның айтуынша, 2023 жылы Telegram арқылы жұмыс туралы ұсыныс алған. Заңсыз іске келіскеннен кейін төрт күн өткенде ұсталыпты. Алғашында 11 жылға сотталған азаматтың жазасы кейін заңнамадағы өзгерістерге байланысты қысқарған.
«Есірткі таратуға келіскен кезде не істеп жүргенімді білдім. Бірақ мені ұстамайды, жауапкершіліктен құтыламын деп ойладым. Жаза өтеу кезінде көп нәрсені қайта ой елегінен өткіздім. Есірткі заттарын қолданғаныма 20 жыл болды. Қазіргі уақытта не отбасым, не мамандығым, не жұмысым жоқ. Сондықтан жастарға айтарым, күмәнді ұсынысқа келіспес бұрын, жақсылап ойланыңыздар. Бір ғана ойланбай жасалған қадам бүкіл өмірді өзгертуі мүмкін», – деді ол.
Жыл басынан бері өңірде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 217 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан 512 келі түрлі есірткі тәркіленді. Оның 9 келісі – синтетикалық заттар. Сонымен қатар 129 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жастар арасында түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Жыл басынан бері есірткіге қарсы бағытта 1040 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңнан астам жасөспірім қатысқан.
«Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарға заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіріп, күмәнді ұсыныстардан сақтандыру. Өйткені оңай табысқа қызығу адамның болашағына кері әсер етіп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін», — деді полицейлер.
Тағы оқыңыз: Тарихтан білім додасы: жеңімпаз университетте бір жыл тегін оқиды

