Петропавлда эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан екі балаға арнайы нейростимулятор орнатылды. Дәрі-дәрмекпен емдеу қажетті нәтиже бермегендіктен, дәрігерлер хирургиялық әдісті қолданған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Операциялар көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жасалды. Науқастардың бірі төрт жаста, екіншісі сегіз жаста. Екеуіне де эпилепсия диагнозы қойылған. Аурудың ерекшелігі — ұстамаларды эпилепсияға қарсы дәрілермен толық бақылауға алу мүмкін болмаған.
Дәрігерлер балаларға кезбе жүйкені ынталандыратын VNS терапиялық жүйесін орнатты. Бұл құрылғы жүйке арқылы миға электр импульстарын жіберіп, эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын азайтуға көмектеседі.
«Аталған әдіс дәріге төзімді эпилепсия кезінде қосымша ем ретінде қолданылады. Ол негізгі емді толық алмастырмайды, бірақ ұстамаларды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді. Операциялардың негізгі мақсаты — балалардың жағдайын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттыру»,-деді балалар ауруханасы директорының орынбасары Данияр Бейсембаев.
Нейростимулятор орнатылғаннан кейін оның жұмыс параметрлері науқастың жағдайына қарай реттеледі. Ал емнің нәтижесі алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауымен бағаланады.
Тағы оқыңыз: Айбол Қасым: «Алдағы уақытта СҚО-да «Жастар» театры ашылғанын қалаймын»

