Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға басымдық беріліп отыр. Елде екі суперкомпьютер жұмыс істейді. Ал үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Британдық Global Banking & Finance Review халықаралық қаржы-сараптамалық басылымы Қазақстандағы жасанды интеллект саласының дамуы туралы мақала жариялады. Онда еліміздің жаңа технологияларды енгізіп қана қоймай, оларды дамытуға қажетті инфрақұрылым құрып жатқаны айтылған.
Жасанды интеллектінің жұмыс істеуі үшін қуатты компьютерлер, деректерді сақтау орталықтары, тұрақты электр энергиясы және жылдам интернет қажет. Қазақстан осы бағыттарды қатар дамытып жатыр.
Мәселен, Екібастұзда Data Center Valley жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Каспий теңізі арқылы халықаралық талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл жобалар Қазақстанның цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, шетелдік нарықтарға шығуына жол ашады.
Елімізде суперкомпьютерлердің мүмкіндіктері қазірдің өзінде пайдаланылып келеді. Alem.Cloud ұлттық есептеу жүйесінің қуаты мемлекеттік мекемелерге, ғылыми институттарға, университеттерге, стартаптар мен компанияларға берілген. Бүгінде оның 90 пайыздан астам қуатын 50-ден аса ұйым пайдаланып отыр.
Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы да көбейген. 2018 жылы бұл мақсатқа 72,2 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы шығын 261,5 млрд теңгеге жеткен. Яғни 3,6 есе артқан.
IT қызметтерінің экспорты да айтарлықтай өсті. 2020 жылы Қазақстан шетелге 33,5 млн доллардың цифрлық қызметін көрсетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,142 млрд долларға жеткен.
28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамытудың маңызын атап өтті. Негізгі мақсат – жасанды интеллектіні өндірісте, мемлекеттік қызметтерде және басқа да салаларда тиімді пайдалану.
Шетелдік басылымның жазуынша, Қазақстан үшін ендігі маңызды міндет – жаңа инфрақұрылымды отандық IT компаниялардың мүмкіндіктерімен байланыстыру. Бұл қазақстандық өнімдерді дамытуға және оларды халықаралық нарыққа шығаруға көмектеседі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмектің 500-ге жаңа түрі шығарылады

