Петропавлдық «Quanysh» волейбол клубының жас спортшылары Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2014–2015 жылы туған қыздар арасындағы ұлттық біріншіліктің екінші туры Өскеменде өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

26 қазан мен 3 қараша аралығында өткен жарысқа еліміздің 23 командасы қатысты. Елена Чуманова жаттықтыратын «Quanysh» клубының тәрбиеленушілері топтық кезеңде бес кездесуде жеңіске жетіп, плей-оффқа жолдама алды. Ширек финалда петропавлдықтар Атырау командасымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда жазғы біріншіліктің чемпионы Ақтөбе құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Финалда астаналық қарсыластарымен сынға түскен жерлестеріміз 3:0 есебімен басым түсіп, чемпион атанды.

Петропавлдық жас волейболшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды
Петропавлдық жас волейболшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды

«Бұл жеңіс команда үшін ерекше маңызды. Жазғы біріншілікте үшінші орын алған спортшылар осы жолы бұрынғы қателіктерін ескеріп, жарысқа тыңғылықты дайындалды. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Ресейдегі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинақтадық», — деді жаттықтырушы Елена Чуманова.

Жас волейболшылар енді Омбыдағы жарысқа және Қазақстанның алдағы чемпионаттарына дайындалмақ. Ұлттық біріншіліктің алтын жүлдесі командаға жаңа белестерді бағындыруға серпін берді.

Тағы оқыңыз: Қазақстан футбол клубтарына бюджеттен 31 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген

Поделиться:

Shares