Петропавлда «СҚО Семей полигоны» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Асхат Төлепбергеновті еске алуға арналған қоғамдық-танымдық кеш өтті. Жиында оның Семей полигоны ардагерлерінің құқығын қорғау жолындағы еңбегі жайлы сөз болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Асхат Төлепбергенов 1951 жылы бесінші қарашада Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылында дүниеге келген. 1970-1972 жылдары Семей полигонында әскери борышын өтеді. Сол кезеңде ол көптеген сынақтың куәсі болды.

Әскерден кейін Асхат Ақжанұлы 30 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 2016 жылы Семей полигонында бірге болған азаматтардың басын қосып, қоғамдық бірлестік құрды. Ұйымға алғашқы кезде 142 адам мүше болды. Олардың тек 20 пайызы ғана мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген. Асхат Төлепбергенов бұл мәселені 2019 жылы облыстық қоғамдық кеңесте көтерді. Сондай-ақ ардагерлерге қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті.

Нәтижесінде олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мәселе шешімін тапты. Қазір Семей полигонының ардагерлері қоғамдық көлікте тегін жүру және жылына екі рет шипажайда демалу мүмкіндігіне ие.

Еске алу кешіне марқұмның достары мен туыстары қатысты. Олар Асхат Ақжанұлының адамгершілік қасиеттері мен ел үшін атқарған еңбегін еске алды. Немере інісі Темеш Әбжат ағасының ақылын әлі күнге дейін жадында сақтап келеді.

Петропавлда «СҚО Семей полигоны» ҚБ негізін қалаушы Асхат Төлепбергеновті еске алуға арналған кеш өтті
Петропавлда «СҚО Семей полигоны» ҚБ негізін қалаушы Асхат Төлепбергеновті еске алуға арналған кеш өтті

«Ағам өте шыншыл болды. Өтірік мүлдем айтпайтын. Шындықты бетке айтуды құп көрді. Айтқан ақылын ешқашан ұмытпаймын», — деді марқұмның немере інісі Әбжат Темеш.

Тағы оқыңыз: Сәуле Мәлікова: «Архив саласы да цифрландыру дәуіріне бейімделуде»

Поделиться:

Shares