2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысы республикалық «Тарихи тұлғалар» тізімін толықтыру үшін бес жерлесіміздің кандидатурасын ұсынған. Олардың қатарында Қайролла Мұқанов, Сабыр Мәліков, Павел Гончар, Аманжол Қошанов және Аяған Шәжімбаев болған. Алайда ұсынылған бес адамның төртеуі ғана республикалық тізімге енгізілген.
«Министрлікке Қайролла Мұқанов, Сабыр Мәліков, Павел Гончар, Аманжол Қошанов және Аяған Шәжімбаевтың есімдері ұсынылды. Олардың ішінен Аяған Шәжімбаевтан басқа төрт тұлғаның есімі республикалық «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілді», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Беркүтәлімова редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Ал Аяған Шәжімбаевтың кандидатурасы неліктен қолдау таппағаны ресми жауапта көрсетілмеген. Қазіргі уақытта республикалық «Тарихи тұлғалар» тізімінде 872 адамның есімі бар. Олардың қатарында батырлар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының батырлары, еңбек ерлері, композиторлар, ақын-жазушылар бар. Осы тізімдегі 43 тұлға Солтүстік Қазақстан облысымен байланысты.
Тарихи тұлғалардың республикалық тізіміне енгенімен, олардың есімі бірден көшеге немесе мемлекеттік нысанға берілмейді. Ол үшін заңнамада белгіленген талаптар сақталуы тиіс.
Атап айтқанда, көрнекті тұлғаның есімін нысанға беру үшін оның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі керек. Алайда ерлік пен батылдық көрсеткен немесе ел тәуелсіздігін нығайтуға ерекше үлес қосқан азаматтарға қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Сонымен қатар бұрын атау берілген нысанның атауын он жыл өтпей өзгертуге болмайды.
Қазір бұл мәселеге қатысты тағы бір шектеу бар. Қазақстанда нысандарға атау беру және олардың атауын өзгерту жұмыстары уақытша тоқтатылған.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің 2026 жылғы 2 сәуірдегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес нысандарға атау беру және қайта атау жұмыстары уақытша тоқтатылды», – деп түсіндірді Динара Беркүтәлімова.
Осылайша, Солтүстік Қазақстанның төрт танымал тұлғасы республикалық деңгейде тарихи есімдер тізімінен орын алғанымен, олардың құрметіне нақты нысандардың қашан аталатыны белгісіз.
Тағы оқыңыз: Келесі жылы 4300 отандасымыз қажылыққа бара алады

