Мектепте мұғалімге дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтеретін оқушылардың әрекеті қоғамды алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың құқығын қорғау және олардың беделін сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бастаманы қолдаған ардагер ұстаз Жангелді Тәжин бұрынғы және қазіргі мектептегі тәрбие туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта мектептерде мұғалімдерге құрметсіздік көрсету жағдайлары кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кезде кейде мектеп әкімшілігінің өзі ұстазға қысым жасайды.
«Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», -деді Мемлекет басшысы.
Ұстазға деген құрметтің өзгергені ардагер мұғалім Жангелді Тәжинді де қынжылтады. Ол бұрын оқушылар мұғалімді ерекше сыйлағанын еске алды.
«Оқушы болып жүрген кезде мұғалімнің алдын кесіп өтпейтінбіз. Көзіне тіке қарамайтынбыз. Бұл біз үшін Алтын заң болды. Қазір осының барлығын ұмытқанымыз өте өкінішті. Бұрын ата-аналар ұстазға бас киімін шешіп, сәлем беретін», -дейді ардагер ұстаз.
Қазақ қоғамында мұғалімнің орны қашанда жоғары болған. Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі де осы құрметтің айғағы. Бүгінде білім беру саласына жаңа технологиялар мен жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Алайда Жангелді Тәжиннің пікірінше, ешбір технология мұғалімнің орнын толық баса алмайды.
«Бала ешқашан өздігінен білім ала алмайды. Мұғалім ұл-қыздарға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбиені бойына сіңіреді. Президенттің ұстаздардың жұмысына баса назар аударғаны көңілімді қуантты», — деді ол.
Мемлекет басшысы мұғалімдерді артық есеп пен өзіне тән емес міндеттерден босату қажеттігін де көтерді. Өйткені бұрынғы қағаз есептердің орнын бүгінде түрлі электрондық платформалар мен цифрлық жүйелер басқан. Бұл педагогтердің уақытын алып отыр.
Сондықтан білім саласындағы өзгерістер ұстаздың жұмысын қиындатпай, керісінше жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Мұғалімнің басты міндеті — есеп толтыру емес, балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Тағы оқыңыз: Анастасия Волкова Петропавл қаласын дамытуға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды

