Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полицейлер көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың мыңға жуық дерегін анықтады. Мұндай құқық бұзушылыққа барған жүргізушілердің материалдары сотқа жолданып, оларды жеті жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру мәселесі қаралады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Құқық қорғау органдары мас жүргізушілерді анықтау бағытындағы рейдтерді күн сайын жүргізіп келеді.
Кезекті құқық бұзушылық Петропавлда кешкі патрульдеу кезінде тіркелді. Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының экипажы екінші Заречная көшесінде «Mitsubishi Galant» автокөлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде 51 жастағы қала тұрғыны болған.

Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде екені расталды. Осыған байланысты полицейлер ер адамға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Мас күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

«Облыс жолдарында мас жүргізушілерді анықтау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері мас күйде көлік басқарудың мыңға жуық дерегі анықталды. Полиция департаменті алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыру тек жүргізушінің ғана емес, жолдағы өзге де адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы «Орман» шағын ауданында жеті көшеге жаңа атау беріледі

Поделиться:

Shares