Таңертең үйінен шығып, із-түзсіз жоғалған алтыншы сынып оқушысы полицейлерді де, тұрғындарды да аяғынан тік тұрғызды. 13 жастағы жасөспірімді іздеуге арнайы жасақ жұмылдырылып, үш дрон көкке көтерілді. Ал баланың қайда жасырынғанын бейнебақылау камералары арқылы анықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
10 қараша күні сағат 17:30 шамасында полицияның «102» арнасына Жұмысшы кентінің тұрғынынан ұлының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. 13 жастағы бала таңертең үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Оның үстіне өзімен ұялы телефоны да болмапты.
Полицейлер бірден дабыл қағып, жасөспірімді іздеуге кірісті. Іздестіру жұмыстарына патрульдік полиция қызметкерлері, түрлі бөлімдердің мамандары және арнайы жедел әрекет ету жасағының сарбаздары жұмылдырылды.
Жұмысшы кенті мен оның айналасындағы жетуі қиын аумақтарды тексеру үшін үш дрон пайдаланылды. Ал жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият қарап шықты.
Олармен бірге Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Төребек Қалелов та жұмыс істеді. Дәл осы полицей камера жазбаларынан жоғалған баланы байқап, оның жүрген бағытын анықтады. Із жасөспірімді кент шетіндегі Зайцев көшесіне алып келді.
Баланы тапқан кезде полицейлер күтпеген жағдайға тап болды. Сөйтсе, жасөспірім үйлердің бірінің жанында орнатылған сәндік пештің ішіне кіріп алып, ұйықтап қалған екен.

Кейін бала полицейлерге сағат 18:30 шамасында пешке жылыну үшін кіргенін, сол жерде көзі ілініп кеткенін түсіндірген.
Абырой болғанда, оқушы аман-есен табылды. Тәртіп сақшылары оны үйіне жеткізіп, ата-анасына табыстады. Ұлдарын уайымдап, әбігерге түскен ата-анасы полицейлерге шын жүректен алғыс айтты. Қазіргі уақытта баламен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Тағы оқыңыз: Кемел Оспанов Көкшетау – Петропавл жолын кеңейту өңірдің дамуына серпін беретіндігіне сенімді

