Көкшетау мен Петропавл арасындағы тас жолды кеңейту, жаңа әлеуметтік нысандар салу және елді мекендерді көркейту. Бұл міндеттер Солтүстік Қазақстан облысының дамуына тың серпін бермек. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы өңір үшін маңызды бастамаларға тоқталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мемлекет басшысы 28 қазанда жариялаған  Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударды. Президент жолдардың сапасын жақсарту, көлік-логистика әлеуетін арттыру және өңірлерде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, солтүстік аймақтардағы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі өзекті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді. Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керектігін айтты.  Бұл бастама Солтүстік Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі аталған бағыт өңірді еліміздің басқа аймақтарымен байланыстыратын негізгі көлік жолдарының бірі саналады. Жолды кеңейту жолаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай жасап, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларының ішінде маған ұнағаны – Көкшетау мен Петропавл қалалары арасындағы жолды жақсарту жөніндегі тапсырмасы. Сонымен қатар, қалалар мен ауылдарды көркейту, құрылыс саласын дамыту мәселелері де маңызды», – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов

Жолдауда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де кеңінен қамтылды. Президент елдің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын салу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлемек. Оны жүзеге асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Оның 1,5 триллион теңгесін 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға бағыттау жоспарланып отыр.

«2027 жылдың «Құрылыс жылы» деп жариялануы білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы жаңа нысандардың бой көтеруіне мүмкіндік береді», – деді Кемел Оспанов.

Оның айтуынша, жолдарды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу және елді мекендерді абаттандыру бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Тағы оқыңыз: Шавкат Рахмонов UFC октагонына қашан оралады?

 

Поделиться:

Shares