Туған жердің табиғаты, тіршілік тынысы және қоғамның келбеті. Петропавлда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбек Жәрдемовтің жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Шалқар шабыт иесі — Батыс Қазақстан облысының тумасы. Сондықтан шара «Ақжайық өлкем» атауымен ұйымдастырылды. Экспозицияға 50-ге жуық картина қойылған. Олардың әрқайсысы – автордың өзіндік көзқарасы мен өмірден түйген ойларының көрінісі.

«Жаз айларында Қостанайда және Астанадағы Ұлттық музейде жеке көрмем өтті. Солтүстік өңірге де жұмыстарымды әкелуді жөн көрдім. Суретші үшін жаңа адамдармен, елдің тарихымен және табиғатымен танысу қызықты. Мен шабытты күтіп отырмаймын. Көбінесе шығармашылығымды тұрмыс-тіршілікпен байланыстырамын. Көрермендердің туындыларымнан маңызды дүниелерді көре алуы мен үшін аса маңызды», — деді Нұрбек Жәрдемов.

Суретшінің қылқаламынан туған әрбір бейненің өзіндік айтары бар. Кейбірінде туған жердің әсемдігі мен ауыл өмірі суреттелсе, енді бірінде қоғамдағы күрделі мәселелер көрініс тапқан. Жемқорлық, адам арасындағы қарым-қатынас, тіршіліктің түрлі қырлары – автор назарынан тыс қалмаған. Сондықтан көрмеге қойылған картиналар тек эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, көрерменді ойлануға жетелейді.

Нұрбек Жәрдемов биыл 55 жасқа толды. Өнер жолына түскеніне 40 жылдан астам уақыт болған. Осы аралықта суретші талай туындыны дүниеге әкеліп, өзіндік шығармашылық бағытын қалыптастырды. Петропавлдық өнерсүйер қауым да көрмеге қызығушылық танытып, картиналардан өзіндік мән-мағына тапты.

Айта кетейік, «Ақжайық өлкем» көрмесі «Ботай» арт-галереясында екі ай бойы жалғасады. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары мен қонақтары суретшінің шығармашылық әлемімен танысып, кенепке түскен өмір көріністерін тамашалай алады.

Тағы оқыңыз: Тұрғындардың мүддесі – басты назарда: Петропавл қалалық мәслихаты депутаттығына үміткер Сәлімхан Сәбитов сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Поделиться:

Shares