Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 20 жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 14,7 пайызға артқан. Қазір өңірде 6,1 мың ауыл шаруашылығы құрылымы мен 88,7 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Бұл мәліметтер 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындысында белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін жариялады. Елімізде мұндай ауқымды зерттеу соңғы рет 2006–2007 жылдары жүргізілген.

Санақ қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 5,3 мыңнан 6,1 мыңға жеткен. Яғни олардың қатары 14,7 пайызға көбейген. Сонымен қатар өңірдегі 88,7 мың жеке қосалқы шаруашылық есепке алынды.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтті. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) қолдау көрсетті.

Бұл жолғы санақтың басты ерекшелігі – цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының 99 пайызы санаққа онлайн қатысты. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың 17 пайызы интернет арқылы мәлімет берді. Қалған тұрғындарды интервьюерлер аралап, жауаптарын планшеттерге енгізді.

Санақ барысында шаруашылықтардың саны ғана емес, олардың жұмыс істеу жағдайлары да зерттелді. Атап айтқанда, заманауи агротехнологияларды пайдалану, цифрлық шешімдерді енгізу, шаруашылықтардың өзара ынтымақтастығы, қаржыландыру мен инфрақұрылымға қолжетімділік туралы мәліметтер жиналды.

Бұл деректер ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді бағалауға және саладағы өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын жоспарлауға және шаруалардың қажеттіліктерін ескеруге көмектеседі. Санақтың толық қорытындысы agro-census.stat.gov.kz сайтында жарияланды.

 

Тағы оқыңыз: Инклюзия қағаз жүзінде қалмауы керек – СҚО сарапшысы ерекше балалардың болашағы туралы пікірін айтты

Поделиться:

Shares