Тайынша ауданаралық көпбейінді ауруханасында алғаш рет эндоваскулярлық хирургия бойынша халықаралық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен Армениядан келген білікті дәрігерлер қатысып, күрделі оталар жасап жатыр, деп хабарлады Qazaqstan Media.
Шараға қатысу үшін Ереван қаласындағы «Эребуни» медициналық орталығының ангиография қызметінің жетекшісі, интервенциялық кардиолог Меружан Сагателян арнайы келді. Сонымен қатар Ұлттық нейрохирургия орталығының, Астана қаласының және Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының мамандары тәжірибе алмасуда.
Шеберлік сабағына әртүрлі аурулары бар жеті науқас іріктелген. Бүгінге дейін бірнеше күрделі ота жасалды. Дәрігерлер жүрек қан тамырындағы бітелуді ашып, екі стент орнатты. Сондай-ақ ми қан тамырындағы аневризманы арнайы спиральдармен емдеу, кіші жамбас аймағындағы кеңейген веналарды және қуық асты безінің артерияларын эмболизациялау оталары жүргізілді.
Алдағы уақытта жүрек тамырлары тарылған науқастарға да ота жасалады. Бұдан бөлек, механикалық сарғаю диагнозы бар науқасқа арнайы медициналық процедура жүргізу жоспарланған.
«Эндоваскулярлық оталардың ерекшелігі – үлкен тілік жасалмайды. Барлық ем-дом қан тамырлары арқылы, шағын тесу жолымен жүзеге асырылады. Бұл науқас үшін әлдеқайда жеңіл әрі оңалту кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мұндай шеберлік сабақтары өңір медицинасының дамуына серпін береді. Ең бастысы, күрделі ауруға шалдыққан тұрғындар заманауи медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік алады. Ал жергілікті дәрігерлер халықаралық тәжірибені меңгеріп, жаңа технологияларды игереді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 100 мыңға жуық адамның 373 миллиард теңге қарызы кешірілген

