Қазақстанда жатақханаға орналаса алмаған әлеуметтік осал санаттағы студенттерге ай сайын 120 мың теңгеден астам қосымша қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл қаражат пәтер жалдауға немесе жатақханада тұруға жұмсалады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қолдау шарасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау тетіктері туралы айтты. Министрдің сөзінше, жатақханаға орналасуда әлеуметтік осал санаттағы студенттерге басымдық беріледі. Олардың қатарында толық емес отбасынан шыққан жастар, қамқоршылыққа алынған балалар, бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар және қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары бар. Әсіресе бірінші курс студенттерін жатақханаға орналастыруға ерекше назар аударылады.
Ал жатақханадан орын ала алмаған немесе пәтер жалдауға мәжбүр болған әлеуметтік осал санаттағы басқа қаладан келген студенттерге ай сайын 29 АЕК көлемінде төлем қарастырылған. Қазіргі мөлшермен бұл 120 мың теңгеден асады. Қаражат негізгі шәкіртақыға қосымша беріледі.
«Студент бұл қаржыны тек жатақханаға жұмсауға міндетті емес. Егер жатақхана жағдайы талапқа сай болмаса, арнайы қажеттіліктеріне бейімделген бөлмелер жеткіліксіз болса немесе оқу орнында жатақхана болмаса, төлемді пәтер жалдауға пайдалануға болады», — деді министр.
Сондай-ақ соңғы үш жылда салынған студенттік жатақханалардың барлығында ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған арнайы жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Ведомство басшысы бұл шараның әлеуметтік осал санаттағы студенттерге тұрғын үй мәселесін шешуге және оқуын алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 100 мыңға жуық адамның 373 миллиард теңге қарызы кешірілген

