Петропавлдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын жақсарту, жолдардың сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Бұл – қалалық мәслихат депутаттығына №17 сайлау округінен үміткер Әсел Кунанованың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Respublica партиясының атынан ұсынылған кандидат қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр. Бағдарламада күре жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды сапалы жөндеу мәселесі қамтылған. Сонымен қатар көшелер мен аулаларды жарықтандыру, жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесін реттеу және қоғамдық аумақтарды көгалдандыру көзделген. Әсіресе тұрғын үйлердің айналасындағы санитарлық жағдайды жақсарту мен тазалықты сақтау мәселесіне назар аударылған.

Қаланың шеткері аудандарында да қолайлы инфрақұрылым болуы маңызды. Себебі тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруы, балалардың мектепке қатынауы мен қарт адамдардың қауіпсіз қозғалысы жолдардың жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан кандидаттың бұл бағыттағы бастамалары шағын аудандардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Көпқабатты үйлердің жағдайын жақсарту мәселесі көтерілді

Көпқабатты үйлердің тозуы, инженерлік желілердің ескіруі және аулалардың күтімсіздігі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Әсел Кунанова сайлауалды бағдарламасында осы бағытқа да ерекше көңіл бөлген. Кандидаттың жоспарына сәйкес, күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерді жаңғыртуға жәрдемдесу көзделген.
Сонымен қатар мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын қолдау ұсынылған. Бұл ретте тұрғындардың ортақ мүлікті күтіп ұстауға қатысты мәселелерін шешуге және басқарушы ұйымдармен өзара байланысты жақсартуға мән берілмек.

Аулалардың жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмаған. Бағдарламада балалар мен спорт алаңдарын салу, қолданыстағы нысандарды жаңарту және инженерлік желілерді жаңғырту қарастырылған. Мұндай бастамалар тұрғындардың өз ауласында қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік беруді көздейді.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда болмақ

Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, балалардың еркін қозғалысы және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау. Әсел Кунанова бұл мәселелерді де сайлауалды бағдарламасына енгізген. Кандидаттың пікірінше, қалалық инфрақұрылым тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай болуы керек.
Осы бағытта көшелер мен қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнатуға ықпал ету жоспарланған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған инфрақұрылымды дамыту көзделген.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері де ескерілген. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда кедергісіз қозғалуына жағдай жасау, қолжетімді инфрақұрылымды дамыту мәселесі көтерілген. Бұл бастамалар қаланың барлық тұрғыны үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды мақсат етеді.

Әлеуметтік қолдау: әр отбасының мүддесі ескеріледі

Әлеуметтік қолдау – Әсел Кунанованың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі. Кандидат зейнеткерлердің, көпбалалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастардың мүддесін қорғауды көздейді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету мәселесіне басымдық берілген.

Бағдарламада балалардың спортпен шұғылдануына, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне және отбасылық демалысты дамытуға жағдай жасау ұсынылған. Бұл ретте спорттық және мәдени-демалыс мүмкіндіктерінің қолжетімді болуы маңызды. Әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Ал ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қолайлы жағдай жасау – әлеуметтік ортаның маңызды көрсеткіші. Кандидаттың бұл бағыттағы бастамалары қоғамның әр мүшесіне тең мүмкіндік беруге бағытталған.

Шағын бизнес пен жастар кәсіпкерлігін дамытуға назар аударылады

Қала экономикасының дамуы мен тұрғындардың әл-ауқаты тұрақты жұмыспен қамтуға тікелей байланысты. Осыны ескерген Әсел Кунанова сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін жеке бағыт ретінде қарастырған. Кандидат шағын бизнестің дамуына жәрдемдесуді, мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыруды және кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мүмкіндік беруді көздейді. Әсіресе әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға басымдық берілген.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы да маңызды міндеттердің қатарында. Бағдарламада тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және лайықты жалақы алуына ықпал ету көзделген. Бұл бағыттағы бастамалар қаланың экономикалық белсенділігін арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетуге арналған.

Тұрғындармен ашық диалог орнату – депутаттық жұмыстың негізі

Халықпен тұрақты байланыс орнату және тұрғындардың мәселесін дер кезінде шешуге ықпал ету. Әсел Кунанова сайлауалды бағдарламасында осыған да ерекше мән берген. Кандидаттың ұстанымы бойынша, тұрғындардың ұсынысы мен өтініші назардан тыс қалмауы керек. Осы мақсатта азаматтармен тұрақты кездесулер өткізу, жеке қабылдаулар ұйымдастыру және шағын аудандарды аралау жоспарланған. Мұндай кездесулер барысында тұрғындарды толғандыратын мәселелерді тікелей тыңдап, олардың шешілу жолдарын қарастыру көзделеді.

Сонымен қатар, бағдарламаба көтерілген мәселелердің орындалу барысын депутаттық бақылауға алу ұсынылған. Кандидат атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беруді де жоспарлап отыр. Бұл тұрғындар мен жергілікті өкілді орган арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

«Депутаттық қызметтің нәтижесі халықпен тұрақты байланыс пен нақты істер арқылы бағалануы тиіс. Сондықтан сайлауалды бағдарламасында ашықтық, жауапкершілік және тұрғындардың мүддесін қорғау негізгі ұстаным ретінде белгіленген», — деді кандидат.

Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.

Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Ә.А. Кунанова

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

Тағы оқыңыз: Депутаттыққа кандидат Елена Бондаренко балалардың қауіпсіздігі мен Петропавл қаласын абаттандыруға ерекше назар аудармақ

Поделиться:

Shares