Тозығы жеткен жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, аулалардың қауіпсіздігін арттыру және жаңа балалар алаңдарын салу. Бұл мәселелер Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына №14 бірмандатты сайлау округінен «ӘДІЛЕТ» партиясы атынан үміткер Елена Бондаренконың сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Кандидат бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға және коммуналдық мәселелерді шешуге ерекше назар аудармақ. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Елена Бондаренко 39 жаста. Ол 1987 жылғы тоғызыншы қарашада Петропавл қаласында дүниеге келген. 2009 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2009 жылы жеке компанияларда есепші болып бастаған. 2010 жылдан бері «STRONG SERVISE» ЖШС-де қаржылық басқару саласында жұмыс істейді. Бухгалтерлік есеп пен қаржыны басқарудан бөлек, Елена Бондаренко кәсіпкерлікпен де айналысады. Балаларға арналған ойын және спорт кешендерін өндіру мен орнату, жеңілдетілген мемлекеттік қаржыландыру тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істейді.
Кандидат қаланың өзекті мәселелерін шешуде осы тәжірибесін пайдалануды көздейді. Оның пікірінше, бюджет қаражаты тиімді жұмсалып, әрбір қабылданған шешім нақты нәтижеге жеткізілуі тиіс.
«Қаладағы мәселелерді формалды жауаптармен емес, нақты қаржылық есеппен және бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң бақылау арқылы шешу қажет. Қаржылық басқару саласындағы маман әрі көпжылдық тәжірибесі бар кәсіпкер ретінде бұл міндеттерді іс жүзінде қалай жүзеге асыру керектігін жақсы түсінемін», – дейді Елена Бондаренко өзінің сайлауалды бағдарламасында.
2026–2031 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – жолдарды, тротуарлар мен коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу. Кандидат жол жабындарындағы қауіпті ақауларды жоюға, кәріз құдықтарын тиісті жағдайға келтіруге және көшелердегі жарықтандыруды қалпына келтіруге күш салмақ.
Ол Тоқсан би, Интернационал, Астана, Бостандық, Абай және Карим Сүтішев көшелеріндегі аулалар мен оларға іргелес аумақтарды проблемалық учаскелер қатарына жатқызады. Кәріз желілерінің жағдайы да маңызды мәселелердің бірі. Елена Бондаренко кәріз жүйелерін профилактикалық тазалау, бітелулерді жедел жою және зақымданған учаскелерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын қолға алуды ұсынады. Бұл ретте Алматы, Жамбыл, Әуезов, Парковая және Чайковский көшелеріне ерекше назар аударуды жоспарлап отыр.
Аулаларды еріген қар және жаңбыр суының басуы да өзекті мәселелердің қатарында. Кандидат мұндай аумақтарды тексеріп, нөсерлік кәріз жүйесін жаңғыртуға күш салмақ. Бұл жұмыстар Бостандық, Назарбаев және Абай көшелерінде жүргізілуі мүмкін.
Бағдарламада балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға да ерекше орын берілген. Ойын кешендерін өндіру және орнату саласындағы кәсіби тәжірибесін пайдалана отырып, Елена Бондаренко қолданыстағы балалар және спорт алаңдарын жөндеуге, сондай-ақ заманауи алаңдар салуға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар аулаларды көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау, қауіпті бұтақтарды кесу және «Таза Қазақстан» бастамасы аясында скверлерді қалпына келтіру де оның басым бағыттарының бірі. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мәселесін кандидат қараусыз жүрген жануарлар проблемасымен де байланыстырады. Ол жануарларды гуманистік қағидаттар негізінде аулаудың ашық жүйесін құруды, тұрғындардың өтініштерінің орындалуын бақылауды және көшелер мен аулалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық шараларды қолдауды ұсынады.
Елена Бондаренко депутаттық қызмет тек мәселелерді талқылаумен шектелмеуі керек екенін атап өтеді. Оның пікірінше, қажетті жобаларды қалалық бюджетке енгізуге қол жеткізу, олардың жүзеге асырылуын бақылау және сайлаушылар алдында тұрақты есеп беру маңызды.
«Мен сіздердің мүдделеріңізді жүйелі түрде қорғауға, округіміздің аулаларындағы коммуналдық мәселелердің шешілуіне ықпал етуге және әрбір қабылдаған міндеттемемді нақты нәтижеге жеткізуге дайынмын», – деп кандидат тұрғындарға үндеу жасайды.
Елена Бондаренко өз жұмысының негізгі қағидаттары ретінде кәсібилік, ашықтық және қолжетімділікті атайды. Ол азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдауға, өтініштерді жедел қарауға және сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағының орындалуы туралы жария есеп беруге уәде етеді. Кандидаттың айтуынша, Петропавлдың басты байлығы – оның тұрғындары. Сондықтан қаладағы ауқымды жобалармен қатар, нақты аулалар мен көшелердің күнделікті мәселелеріне де назар аудару қажет.
«Округіміздегі әрбір шағын аудан, әрбір аула мен көше тиісті инфрақұрылымға, тәртіп пен қауіпсіздікке лайық. Сапалы аула жолдары, кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысы және балаларға арналған заманауи алаңдар жай уәде емес, шындыққа айналуы тиіс», – делінген Елена Бондаренконың сайлаушыларға арналған бағдарламасында.
Елена Бондаренко өзінің сайлауалды бағдарламасын қаржылық жауапкершілік, халықпен тұрақты диалог және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау қағидаттарына негіздейді.
Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Е. И. Бондаренко.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді
Тағы оқыңыз: Жатақханаға орналаса алмаған әлеуметтік осал санаттағы студенттерге ай сайын 120 мың теңгеден беріледі

