Смартфон сатып аларда оның IMEI-кодын алдын ала тексеру маңызды. Егер құрылғы верификациядан өтпеген болса, тұтынушы телефонды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап ете алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жифнда СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов айтты. Ол ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын сатуға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерін түсіндірді.
Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, тұтынушы сатушыдан құрылғының IMEI-кодын сұрауға құқылы. Оның мәртебесін imei.rfs.gov.kz ресми сервисі арқылы тексеруге болады.

«Төлем жасалғанға дейін сатып алушы сатушыдан құрылғының сәйкестендіру кодын — IMEI-кодын талап етуге құқылы. Егер құрылғы екі SIM-картаны қолдаса және екі IMEI-коды болса, әр кодты жеке тексеру ұсынылады. Сатушы сатып алу рәсімделгенге дейін сатып алушыға сәйкестендіру кодын беруге міндетті», — деді Ғалымжан Ильясов.
Бұл талап интернет-дүкендер мен маркетплейстер арқылы сатылатын телефондарға да қатысты. Онлайн сатып алу кезінде IMEI-кодын ақша төлемей тұрып немесе тауарды түпкілікті қабылдамай тұрып сұратқан дұрыс.
Верификация нәтижесіне қарай құрылғылар ақ, сұр және қара тізімге бөлінеді. Сұр тізімге енгізілген телефон желіде уақытша жұмыс істей алады. Бірақ оның Қазақстанға заңды түрде әкелінгенін 30 күн ішінде растау қажет.
Маркетплейстен алынған телефон верификациядан өтпесе, тұтынушы талаптарын тікелей сатушыға қояды. Яғни телефонды қайтару, ауыстыру немесе ақшаны өндіру мәселесіне сатушы жауап береді. Ал маркетплейс сатушылармен жасайтын шарттарында телефонды сатпас бұрын IMEI дерекқоры арқылы тексеру талабын қарастыруға міндетті.
Тағы бір өзгеріс жеке тұлғалардың шетелден телефон әкелуіне қатысты. Бір адам Қазақстанға жеке пайдалану үшін күнтізбелік жыл ішінде екіден артық ұялы құрылғы әкеле алмайды. Абонент үшін құрылғыны тіркеу тегін жүргізіледі.
Ал телефон басқа адамға тұрақты пайдалануға берілсе, оны жаңа иесінің атына қайта рәсімдеу қажет. Егер сатып алған телефон верификациядан өтпеген болып шықса, алдымен сатушыға жазбаша талап жолдау керек. Оған сатып алуды растайтын чек, IMEI туралы мәлімет, құрылғының мәртебесін тексеру нәтижесі қоса беріледі. Маркетплейстен сатып алынған жағдайда электрондық чек, тауар карточкасы және сатушымен хат алмасуды да сақтаған жөн.
«Тұтынушы сатып алу бағасын азайтуды, құрылғыны сапасы тиісті дәл сондай тауарға ауыстыруды, басқа құрылғыға ауыстыруды немесе шартты бұзып, төленген соманы қайтаруды талап ете алады. Верификациядан өтпеген құрылғы бойынша бұл талаптар тікелей сатушыға қойылады», — деді департамент басшысы.
Егер сатушы тұтынушы талабын орындамаса, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе сотқа жүгінуге болады. Әзірге СҚО бойынша верификациядан өтпеген құрылғыларды сату фактілеріне қатысты өтініш түспеген.
Тағы оқыңыз: Халық кеңесінің жұмысына жылына 1,7 млрд теңге жұмсалмақ

