СҚО-да балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер адам бар

Еліміздің білім беру мекемелерінде жұмыс істейтіндердің 80 пайызы әйелдер. Ал балабақшаларда болашақ ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген ер азаматтардың қатары тіптен аз. Көп көзі үйренбегеннен бе, әйтеуір ер тәрбиешілерді көргенде көбі тіксіне қарап жатады. Ал біздің кезекті кейіпкеріміз – Ерболат Жантасов 15 жылын балабақшадағы жұмысқа арнаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

СҚО-да балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер адам бар

Петропавл тұрғыны Ерболат Жантасов мектепке дейінгі білім беру саласында 15 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Ол – өңірде тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер адам. Негізгі мамандығы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі. Дипломы қолына тие сала ата-анасының жанына, ауылға келген. Мұндағы мектептерде орын болмаған соң, елді мекендегі  балабақшаға жұмысқа тұрыпты. Кейіпкеріміз балалармен жұмыс істеудің аса қиын болмағанын, балғындармен тез тіл табысқанын айтады.  Қазір ол балабақшаны меңгеріп отыр.

«Еңбек жолымды енді бастағанда әр түрлі қызықты жағдайлар болды. Есімде қалғаны, бір ата-ана келіп мынау кімнің әкесі деп сұраған. Тәрбиешімін дегенімде бәрі таң қалатын. Ер адам тәрбиеші болып істейді ме? – деп көп сұрайтын. Көбінесе достарым, таныстарым  неге тәрбиеші мамандығын таңдадың деп сұрайтын. Менің ойымша, педагог болғаннан кейін барлық жұмысты атқару керек. Сондықтан тәрбиеші болып кірдім», – дейді Ерболат Жантасов.  

Ерболат Жантасовты балдырғандар да жақсы көреді. Топтағы 25 баланың көңілін тауып, ата-аналарымен жақсы қарым-қатынас орната алған ол, жеткіншектерге бар білгенін үйретіп жүр. Тәрбиеші – бала өміріндегі ата-анадан кейінгі алғашқы ұстаз екенін Ерболат жақсы түсінеді. Педагог бұған қоса балғындарға қазақ тілі пәнінен сабақ беретін болғандықтан жауапкершілік те екі есе артқан.

«Біз балабақшамызда сөйлейтін едендер, қабырға, саусақ ойындар сынды  әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Тәрбиенің басым бөлігі ойын арқылы іске асырылады. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар балаларына үйде смартфон беріп қояды. Бала телефонда, ата-ана өз жұмыстарымен айналысады. Бұл дұрыс емес. Баламен әр  секунд, әр минут сайын жұмыс істеп, жаңа нәрселерге үйрету керек. Егер ата-ана біз сияқты олармен сөйлессе, жұмыс жасаса, ойнаса бала дамиды», – дейді Ерболат Жантасов.  

СҚО-да балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер адам бар

Кейіпкеріміз «Бала тәрбиесімен, оның күтімімен анасы ғана айналысуы керек» деген пікірмен келіспейді. Керісінше, ер адамның бала тәрбиесіндегі міндеті көп, – дейді ол. Мәселен, Еуропа елдерінде, соның ішінде Германияда балабақшаға тәрбиеші аларда ер адамға басымдық беріледі екен. Бұл да, тәрбиеде әкенің рөлі айырықша маңызды екенін айқындай түсетіндей.  

Тағы оқыңыз: Петропавлда колледж студенттері үшін жатақхана салынып жатыр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x