Ауыл спортының әлеуетін арттыруға бағытталған AUYL SPORT 2026 республикалық турнирінде солтүстікқазақстандық жас палуан күміс медаль иеленді. Қызылжар ауданына қарасты Знаменское ауылының спортшысы Никита Романовқа 100 мың теңгелік сертификат табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Екінші және жетінші қараша аралығында Астана қаласында өткен республикалық жарысқа еліміздің 17 өңірінен жас спортшылар қатысты. Олар спорттың сегіз түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, еркін күрес, бокс, карате, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шахмат және үстел теннисі бойынша үздіктер анықталды.
AUYL SPORT жобасы 2024 жылы қолға алынған. Бағдарлама ауыл балаларының спорттық әлеуетін дамытуға және олардың республикалық деңгейде танылуына мүмкіндік береді. Никита Романовтың бұл жетістігі – тынымсыз жаттығу мен табанды еңбектің нәтижесі.
«Никита финалда жеңіске жету үшін сынық сүйем ғана жетпей қалды. Оған жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін 100 мың теңгенің сертификаты табысталды», — деп хабарлады СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Тағы оқыңыз: Петропавлда FIFA 2027 бойынша турнир өтті

