СҚО әкімі өңір тұрғындарына үндеу жолдады

СҚО-да су тасқыны жағдайы күрделі. Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі өңір тұрғындарына үндеу жасады. Аймақ басшысы еліміз қиын кезеңді басынан өткеріп жатқанын айта кетіп, барлық облыс тұрғындарын сабырлыққа шақырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Өңірдегі жағдай күрделі. Сергеев су қоймасынан тасыған судан  Есіл  ауданының 20-дан астам үйі су астында қалды. Енді қарғын су Петропавлға  үлкен көлемде келе жатыр. Шаһардың шеткі аудандарына қауіп төніп тұр.

«Сергеев су қоймасында биыл рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бұл 2017 жылы болған  қатты су тасқынынан әлдеқайда жоғары. Есіл өзенінің жағасындағы елді мекендерге қауіп төніп тұр. Шамамен бір-екі күнде су облыс орталығына жетеді. Прибрежное мен Тепличное ауылдары, Заречный кентіндегі үйлер су астында қалуы мүмкін.  Осы күндері біз  бөгеттерді салу және нығайту бойынша тәулік бойы  жұмыс істедік.  Ауыз суды үздіксіз қамтамасыз ету үшін  сорғы станциясының айналасындағы бөгетті нығайттық», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасымен қазір су басу аймағында орналасқан Заречный ауылының тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, өз бастарын қауіп-қатерге тігіп көшпей отырған тұрғындар да баршылық екен. Аймақ басшысы тұрғындарға құтқарушылардың жұмысына түсіністікпен қарап, адам өмірін сақтап қалу маңызды екенін атап өтті.

«Азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев су тасқыны кезеңінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет тарапынан қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Өтемақы қарастырылған.  Ешкім біздің назарымыздан тыс қалмайды. Биылғы су тасқыны бәріміз үшін үлкен сынақ. Ынтымақ пен бірліктің арқасында біз барлық қиындықты жеңеміз. Қазір тасқын сумен күресуге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Бұл мердігерлер, құрылыс компаниялары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полиция қызметкерлері, еріктілер және қаламыз бен облыстарымыздың қарапайым тұрғындары. Көмекке басқа облыстардың құтқару қызметтері, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігі келді. Бей-жай қарамаған әрбір адамға рахмет айтамын»,  – деді облыс әкімі.

Тағы оқыңыз: СҚО-ға гуманитарлық көмек келе бастады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x